Ол мемлекеттің қаражатын жымқырды деп айыпталып жатыр
Мемлекет қаржысын ірі көлемде жымқырды деп айыпталып, қамауға алынған бұрынғы вице-министр Анатолий Шкарупаны сот үйіне жіберді. Тергеу аяқталғанша ол ұйқамақта болады. Бұл туралы оның қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев өзінің Facebook-парақшасында жазды.
«Қарағанды облыстық сотының шешімімен Шкарупа Анатолий Вальеревич сотқа дейінгі тергеу ісі аяқталғанша үйіне жіберілді», - деп жазды ол.
Айта кетейік, Шкарупамен бірге «ТКШ дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайсар Байдалы мен кәсіпкер Ерлан Нәбиев те ұсталған болатын. 2019 жылы қарашада Нәбиев Арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі Ольга Кексельдің үстінен арызданып, өзіне қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Артынша Шкарупа да өзінің конституциялық құқықтарының тапталып жатқанын айтып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдаған.