43 жастағы АҚШ азаматы Қозыбаев университетіне оқуға түспек
АҚШ-тың 43 жастағы азаматы Петропавлдағы М.Қозыбаев атындағы университетке оқуға түсіп, студент атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталмыш оқу орнының мәліметінше, ЖОО-да әлемнің 16 елінен келген студенттер білім алып жүр. Әсіресе Аризона университетімен бірлескен қос дипломды бағдарлама шетелдіктерге үлкен қызығушылық тудырған көрінеді.
Биыл оқу ордасына АҚШ-тың 43 жастағы азаматы Илья Кушнирский құжат тапсырды. Ол адам жасының оқуға түсуіне кедергі емес екенін айтып, білім алуды қайта бастауды жөн көрген.
«Мен Нью-Йорк қаласынанмын. Соңғы екі жылда Санкт-Петербургте клиникалық психология бойынша қайта даярлаудан өттім. Алматыда өткен бір семинарда Қозыбаев университеті туралы естіп, қызығушылық таныттым. Екі диплом алу мүмкіндігі мені қатты қызықтырды», – дейді Илья.
Илья «Білім берудегі психология» мамандығы бойынша қос диплом бағдарламасымен ақылы негізде оқитын болады. Дегенмен ол бұл шешімді қаржылық жағынан тиімді деп есептейді.
Мәселен, егер ол оқуын АҚШ-тағы Аризона университетінің Тусон кампусында бастаса, жылына 40 000 АҚШ долларынан астам қаржы жұмсауы қажет болар еді. Ал Қозыбаев университетінде бұл шығын әлдеқайда төмен.