Ол барлық ақшаны бейтаныс адамдардың шотына аударған
Ақмола облысының Степногорск қаласында тұратын ер адам алаяқтардың арбауына түсіп, 7 тұтынушылық несие рәсімдеп, барлық ақшаны бейтаныс адамдардың шотына аударған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, қылмыскерлер өздерін Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Алдымен жәбірленушіге «Қазпоштадан тапсырыс келді» деген сылтаумен хабарласып, 1414 нөмірінен келген SMS-кодты сұратқан. Ер адам кодты айтып берген соң, іске жалған Ұлттық банктің төлем департаментінің «мамандары» араласқан.
Олар азаматтың атына бірнеше несие рәсімделгенін айтып, оларды «жою» керек деген сылтаумен әрекет еткен. Салдарынан 3,5 млн теңгеден астам сомаға 7 несие рәсімделіп, оның барлығы алаяқтарға аударылған. Бұдан бөлек, жәбірленуші 700 мың теңге жеке жинағын да бейтаныс шотқа жіберген.
Бірнеше күннен кейін ғана жәбірленуші полицияға жүгінген. Ақмола облыстық Полиция департаменті бұл жайт бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Қанша ескертілгеніне қарамастан, өңір тұрғындары алаяқтардың арбауына түсіп жатыр. Ақмолалықтардың ірі көлемдегі қаржыдан айырылуы күн сайын тіркелуде. Сондықтан бейтаныс адамдардан келген қоңырауларға сенбеуді, банк карталары мен SMS-кодтарды ешкімге айтпауды сұраймыз», – деді полиция өкілдері.