Алматы облысында 2,3 млн доллардың шетелге заңсыз шығарылғаны анықталды

Автор: Асыл Арман

Сыртқы сауда келісімінің артын жамылып, валюта заңсыз аударылған

Фото: istockphoto.com

Алматы облысында сыртқы экономикалық қызмет аясында шетелге ірі көлемде валюта заңсыз аударылған дерек анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Істің мән-жайы

«Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шетелдік компаниямен 6 млн АҚШ долларына тауар жеткізу туралы сыртқы сауда шартына отырған. Келісім негізінде ақша толық аударылғанымен, Қазақстанға нақты келген тауар көлемі небәрі 3,7 млн долларды ғана құраған.

Яғни, қалған 2,3 млн доллар келісім шарттағы міндеттемелер орындалмай тұрып, елден заңсыз шығарылған.

Компания бұл қаражатты қайтару үшін ешқандай шара қолданбаған. Сонымен қатар, салық органдары тарапынан репатриация талаптарының орындалуын бақылау да қамтамасыз етілмеген.

Әкімшілік жаза

Анықталған заңбұзушылық бойынша облыстық прокуратура Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 251-бабы 2-бөлігі (ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабын орындамау) бойынша әкімшілік іс қозғады.

Нәтижесінде, Қонаев қалалық соты «Т» ЖШС-ны әкімшілік құқықбұзушылық жасады деп танып, 239 млн теңге көлемінде айыппұл салды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.