Оларды полиция қызметкерлері аман-есен құтқарып қалды
Өскемен қаласында тәртіп сақшылары Үлбі өзенінде ағыс алып кеткен ана мен баланы аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шұғыл хабар 17 шілде күні сағат 14:20 шамасында «102» арнасына хабар түсті.
Қала тұрғыны полицияға танысының кішкентай қызымен бірге Үлбі өзенінде шомылып жүргенін, алайда кенеттен қатты ағыс оларды алып кеткенін хабарлаған. Хабар келіп түскен сәттен бастап жедел әрекет еткен кезекші көмекші – полиция сержанты Олжас Оразов болды. Ол оқиға орнына ең жақын орналасқан №9 патрульдік полиция экипажын нақты координаттар бойынша бағыттап отырды.
Рация арқылы хабарды естіген Үлбі полиция бөлімінің криминалдық полиция бастығының орынбасары, полиция майоры Сұңғат Сейілжанов жақын маңда жүрген. Ол бірінші болып оқиға орнына жетіп, суға секіріп, ағыс әкетіп бара жатқан әйел мен қызды су бетінде ұстап тұра алды.
Қысқа уақытта қарама-қарсы жағалаудан оқиға орнына жеткен №9 экипаждың басшысы, полиция капитаны Мадияр Мұхамеджанов та суға түсіп, әріптесіне көмектесті. Алайда қатты ағыс салдарынан полицейлер өз беттерімен жағаға шыға алмай, құтқарушылардың қайығын күтуге мәжбүр болды.
Уақытылы әрекет етіп, шұғыл шешім қабылдаған полиция қызметкерлерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Қазіргі уақытта ана мен қыздың өміріне ешқандай қауіп жоқ. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.