Қостанайдағы KIA автозауытының құрылысы аяқталды

Автор: Алмас Ерсін

Зауыт рекордтық қысқа мерзімде – небәрі 1,5 жылда бой көтерді

Фото: istockphoto.com

Қостанайда Қазақстандағы ең ірі өндірістік жобаның бірі — KIA автозауытын іске қосу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.

Өндіріс роботтандырылған

Киа Корпорейшн  (KIA Corporation)  компаниясының бірінші атқарушы вице-президенті Джонг Джунчхоль кәсіпорынның дайындық барысымен танысты. KIA Corporation ауқымды өндірісін тұңғыш рет шетелде, яғни Қазақстанда іске асырып жатыр.

Зауыт рекордтық қысқа мерзімде – небәрі 1,5 жылда бой көтерді. Жобаның жалпы құны 131,5 млрд теңге. Оның 117 млрд теңгесі тікелей корейлік инвестиция.   

«Бұл біз үшін ауқымды әрі маңызды жоба. Зауыт пен оқшаулау орталығы құрылысындағы қолдау шараларының арқасында бәрін мерзімінде үлгердік. Біз Қостанай облысымен ынтымақтастықты нығайтқымыз келеді. Әсіресе жергілікті кадрларға ризамыз — нағыз кәсіби мамандар бар екен», - дейді Джонг Джунчхоль

Барлық өндіріс роботтандырылған. 67 заманауи робот іске қосылады. Қазір KIA Sorento мен Sportage модельдеріне арналған желілер толық дайын. 2026 жылдың желтоқсанында Cerato моделі шығарылады деп жоспарланып отыр. Зауыт жылына 70 мың көлік шығарады.

1500 жұмыс орны ашылады

Сарапшылардың айтуынша, өндірістің іске қосылуы өңірдегі өңдеу өнеркәсібін 46 процентке арттырады. 

«Бұл өңір тарихында ең ірі шетелдік өндіріс. Барлық құрылымның үйлесімді жұмысының арқасында құрылыс небәрі 1,5 жылда аяқталды», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Кәсіпорында алғашқы кезеңде 1500 жұмыс орны ашылса, ал көршілес оқшаулау орталығында тағы 800 адам еңбек етеді. Осы ретте басымдық жергілікті кадрларға беріледі.