Көлді сақтау үшін Қапшағайдан су жіберілді
Балқаш көлінің деңгейі 2025 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында орта есеппен 32 см-ге көтерілді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Балтық жүйесі бойынша көл деңгейі 341,55 метрден 341,87 метрге дейін өсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жыл басынан бері Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасынан Балқашқа 8,52 миллиард текше метр су жіберілді. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда (8 млрд м³) жоғары.
2025 жылдың соңына дейін жалпы 12 миллиард м³ су жіберу жоспарланып отыр.
Балқаштың су деңгейі көбіне Іле өзенінің ағысына байланысты. Ал бұл ағынды Қапшағай су қоймасы реттейді.
Айта кетейік, Қапшағай су қоймасы екінші жыл қатарынан 100% толып отыр. Былтыр бұл жағдай соңғы 10 жылда алғаш рет тіркелген болатын.
Су қоймасының толуы Ақдала мен Шеңгелді суармалы алқаптарын вегетациялық кезеңде сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Балқашты сақтау мәселесі ерекше назарда. Биыл Францияның ғылыми консорциумымен бірлесіп, көл бассейнін зерттеу мақсатында ірі далалық экспедиция ұйымдастырылды.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл жұмыс 2040 жылға дейінгі болжаммен Балқашты сақтау бойынша мастер-жоспар әзірлеуге бағытталған.
Бұл жоба Францияның Даму агенттігі және Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросымен былтыр қол қойылған үшжақты келісім аясында жүзеге асуда.