Видеода көліктің төмен қарай сырғып, бірнеше рет аударылып кеткені көрінеді
Павлодар облысының Баянауыл жеріндегі Жасыбай демалыс аймағында Hyundai Tucson маркалы автокөлік жотадан аударылып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода көліктің төмен қарай сырғып, бірнеше рет аударылып кеткені көрінеді.
Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді:
«16 шілде күні Баянауыл ауылының Жасыбай демалыс аймағында бұралаң жолмен төмен түсу кезінде Hyundai Tucson автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, еңіске қарай аударылып кетті. Жол апаты салдарынан 5 адам зардап шекті (2 адам сол жерде ауруханаға жеткізілді, 3 адам кейіннен медициналық көмекке жүгінді)», – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Azattyq Rýhy агенттігіне түсініктеме берді.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан түрлі жарақат алған 5 адам Баянауыл аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Оларға жұмсақ тіндердің көгеруі, сызаттар, омыртқа және кеуде тұсының жабық жарақаттары, сондай-ақ сүйек сынуы күдігі бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілді», – деп мәлімдеді.
Зардап шеккендер:
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккендердің бәрінің жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілген.
Жол апатына байланысты Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан бейнематериал әлеуметтік желіде жарияланды.