Израиль енді Сирияға шабуыл жасады

Автор: Асыл Арман

Израиль мұндай әрекетінің себебін түсіндірді

Фото: © istockphoto.com / Zhora Kochegarov

Израиль армиясы сәрсенбі күні Дамаскідегі Қорғаныс министрлігі ғимаратының кіреберісіне және Сирия астанасындағы президент сарайының жанындағы нысанға соққы жасады. Израиль билігінің мәлімдеуінше, бұл әрекет Сувейда провинциясындағы үкімет әскерлерінен друз халқын қорғау мақсатында жасалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Израильдің Дамаскіге және Сувейда жолдарындағы әскери бөлімшелерге жасаған соққыларынан кейін Сирияның орталық билігі Сувейдада бітім жариялап, өз күштерін провинциядан шығаратынын мәлімдеді.

Алайда, атысты тоқтату режимі сақталып жатқаны әзірге белгісіз. Сонымен қатар, әлемдік агенттіктердің хабарлауынша, әскери тарап тек армия бөлімшелерін шығару туралы айтқанымен, друздармен қақтығысқа қатысқан өзге топтардың тағдырына қатысты ештеңе айтылмаған.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сәрсенбі кешке Сириядағы тараптар қантөгісті тоқтатуға бағытталған нақты қадамдар жасауға келіскенін жариялады.

Сирия президенті Ахмед әл-Шараа бейсенбіге қараған түні телеүндеу жасап, орталық билік үшін друз азшылығының құқықтарын қорғау басты міндеттердің бірі екенін және «сыртқы күштердің» оларды өз мүддесі үшін пайдалануға тырысуын қабылдамайтынын айтты.

Reuters агенттігі Израиль Қорғаныс министрлігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап, Дамаскідегі ғимаратқа кем дегенде екі жарылғыш затпен жабдықталған дрон ұшып барғанын, нәтижесінде сириялық офицерлердің жертөлеге жасырынуға мәжбүр болғанын хабарлады.