Астана халқы 2,5 млн адамға дейін көбейеді

Автор: Алмас Ерсін

Қоғамдық көліктің үлесін 71%-ке дейін арттыру көзделіп отыр

Фото: istockphoto.com

Астана халқы 2035 жылға дейін 2,5 млн адамға дейін артады. Қаланың жаңа Бас жоспарында осындай болжам жасалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік салаға басымдық беріледі

Қазір шаһарда 1,5 миллион тұрғын бар. Олардың саны жыл сайын шамамен 7% өсіп келеді.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жоспар «адамдарға арналған қала» қағидатына негізделіп отыр. Яғни басты назар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осыған байланысты құрылыста әлеуметтік салаға басымдық беріледі.

Автобус паркі жаңартылады

Қоғамдық көліктің үлесін 71%-ке дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте автобус паркі жаңартылып, жаңа жолайрықтар салынады. Сонымен қатар қыркүйек айында LRT жобасы сынақ режимінде іске қосылады.

Көгалдандыруға да назар аударылады. Соңғы үш жыл ішінде Астанада 2,5 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады.

 Жаңа баспанаға көшіріледі

Қала басшысы екі-үш жылдың ішінде 206 апатты үйдің тұрғындарын жаңа баспанаға көшіру жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Ғимараттардың тығыз орналасуына қатысты мәселелер бар. Осыған байланысты әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық береміз», - дейді әкім.

Атап айтқанда, тұрғын үймен қатар мектеп, балабақша, сквер мен саябақтар да салынады.