Мұғалімдердің ЖСН және басқа да мәліметтері тарап кетті
Мектеп директорларына 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Абай облысы Бородулиха ауданының прокуратурасы үш орта мектептің 194 қызметкерінің жеке мәліметі тарап кеткенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жеке мәліметтер қорғалмаған
Облыстық прокуратураның мәліметінше бұл заңбұзушылық мемлекеттік сатып алулар порталына мониторинг жүргізу барысында белгілі болды.
«Білім беру мекемелері мемлекеттік сатып алу бойынша медициналық тексеруден өту үшін қызметкерлердің тізімін жариялаған, онда барлық қызметкердің жеке мәліметі, оның ішінде толық анкеталық мәліметтер, ЖСН және басқа да ақпараттар көрсетілген», - деп жазылған хабарламада.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай мәліметтер міндетті түрде қорғалуға тиіс. Шектеулі қолжетімді ақпаратқа қол жеткізген тұлғалар оның құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті және мәліметтер иесінің келісімінсіз немесе заңды негіз жоқ жағдайда жеке ақпаратты таратуға құқылы емес.
Директорлар айыппұл төледі
Мектеп басшылығының бұл талаптарды сақтамауы жеке мәліметтердің заңсыз мақсатта пайдаланылу қаупін туғызды.
Тексеру қорытындысы бойынша аудан прокуратурасы мектеп директорларын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 79-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 1 миллион теңгеден астам айыппұл салды, сондай-ақ олар тәртіптік жазаға тартылды.
Қазіргі уақытта аудандық білім бөлімі болашақта осыған ұқсас заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында шаралар қабылдаған.