Қазақстанда темекі шегушілер қатары азайды

Автор: Аягөз Құрмаш

Тексерілген азаматтардың 17,5%-ы қазіргі уақытта темекі шегетінін айтқан

Фото: istockphoto.com

2025 жылғы қаңтарда Ұлттық статистика бюросы елімізде ересек тұрғындар арасындағы темекі тұтыну деңгейін анықтауға бағытталған жыл сайынғы зерттеуін жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сауалнама Қазақстанның барлық өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өтті. Оған 15 жастан асқан 12 000 үй шаруашылығының бір мүшесі қатысты.

Зерттеу нәтижесі бойынша, тексерілген азаматтардың 17,5%-ы қазіргі уақытта темекі шегетінін көрсетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 20,7% болғанын ескерсек, темекі шегушілердің саны азайып отырғаны байқалады.

  • Ауылдық жерлерде темекі тұтынатындар үлесі — 19,1%
  • Қалалық жерлерде — 16,7%

Темекі тұтынатындар арасында ер адамдар — 34%, ал әйелдердің үлесі — 5% ғана. Бұл көрсеткіш темекі шегудің жыныстық құрылымын анық көрсетеді. Сонымен қатар, темекі шегушілердің 93,8%-ы тек өнеркәсіптік жолмен өндірілген темекі өнімдерін пайдаланады.

Мамандардың пікірінше, соңғы жылдары темекі шегуге қарсы қабылданған заңнамалық шаралар мен денсаулық сақтау насихатының күшеюі темекі тұтынушылар санының азаюына оң әсер етуде.