80 мыңнан астам жолаушы Алакөл мен Бурабайға пойызбен барды

Автор: Дәулет Ботагөз

Маусым соңына дейін 280 мың жолаушы тасымалдануы мүмкін

Фото: ҚТЖ

Алакөлге қатынайтын бағытта орындардың 100%-ы толы, маусым соңына дейін 280 мың жолаушы тасымалдануы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Екі ірі курортқа сұраныс жоғары

Жазғы маусымның басынан бері елдегі танымал демалыс аймақтарына — Курорт-Бурабаймен Алакөлге 80,4 мыңнан астам жолаушы пойыз арқылы жеткен. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

«Курорт-Бурабай станциясына – 47,8 мыңнан астам, Алакөл жағалауына – 32,5 мыңнан аса жолаушы жеткізілді», – делінген ресми ақпаратта.

Алдын ала болжам бойынша, Алакөлді биылғы маусымда 280 мың адам тамашалауы мүмкін. Бұл — былтырғы көрсеткіштен 16 мыңға көп.

Курорттық бағыттарға қосымша пойыздар жіберілді

Компания мәліметінше:

  •  жаз мезгілінде 4,2 миллион жолаушыны 112 бағыт бойынша тасымалдау жоспарланған;
  • Алакөл, Балқаш, Бурабай бағыттары бойынша қосымша пойыздар қосылды;
  • 11 қосымша пойыз және вагон тіркемелері күнделікті немесе аптасына бірнеше рет қатынайды;
  • аса танымал бағыттар: Астана мен Алматыдан Достыққа, Жалаңашкөлге, Шымкентке және басқа аймақтарға.

Теміржол вокзалдарында жағдай жақсарды

Сапар жайлылығы үшін вокзалдар инфрақұрылымы жаңартылып жатыр:

  • Жалаңашкөл мен Көктұмада қызметкерлердің икемді жұмыс кестесі енгізілді;
  • Ақши станциясының вокзалы тәулік бойы жұмыс істейді;
  • күту залдары, санитарлық аймақтар мен вокзал маңы абаттандырылды;
  • билет кассалары мен громкоговоритель жүйелері толық жұмыс істеп тұр.