Жүздеген отбасы алданған: Астанада алаяқ компания үй саламын деп жұрттан 4,6 млрд теңге жинап алған

Автор: Мөлдір Қазыбай

Астанада үлестік құрылысқа қатысты 4,6 млрд теңгелік алаяқтық ісі сотқа жолданды

Фото: ЖИ арқылы жасалды

Елордада 400-ден астам отбасыға аса ірі көлемде материалдық зиян келтірген үлестік құрылысқа байланысты қылмыстық іс аяқталды. Іс елорда прокуратурасының үйлестіруімен тергеліп, 4,6 миллиард теңге көлеміндегі шығын келтірген қылмыстық топқа қатысты іс сотқа жолданды. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасы хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Заңсыз қаржы тарту схемасы: үш тұрғын үй кешені рұқсатсыз басталған

Тергеу барысында ұйымдасқан топтың азаматтардан заңсыз жолмен қаржы тартқаны белгілі болды. Олар тиісті мемлекеттік рұқсат алмай, заң талаптарын өрескел бұзып, үш тұрғын үй кешенін салуға уәде беріп, қаражат жинаған. Алайда, құрылыс мүлде басталмаған.

Жиналған ақша мақсатсыз жұмсалған

Салымшылардан жиналған қаржының құрылысқа бағытталмағаны анықталды. Қаражатты мақсатсыз жұмсау салдарынан нысандардың құрылысы тоқтап, азаматтар баспанасыз қалды.

Прокуратура ескерту жасады: үлескер болмас бұрын құжатты тексеріңіз

Елорда прокуратурасы тұрғындарға үлестік құрылысқа қатыспас бұрын компанияда тиісті рұқсат құжаттарының бар-жоғын мұқият тексеруге кеңес береді. Бұл өзіңізді алаяқтардан қорғауға және құқықтық даулардан сақтануға көмектеседі.