Қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Астана қаласындағы әскери-авиациялық базада төтенше жағдай болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан әскери қызметкер қарудан жарақат алған.
ҚР Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, оқиға қару қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы салдарынан болған.
«Жарақат алған әскери қызметші шұғыл түрде елордалық емдеу мекемесіне жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты», – делінген ведомство хабарламасында.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, дәл қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
«Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтау мақсатында қылмыстық іс қозғалды. Аталған факті бойынша алдын ала тергеу жүргізілуде», – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.