Меруерт Түсіпбаева Алагөзова жайлы видеоға түсініктеме берді: мемлекеттің қаражаты қайтарылуы керек

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол видео 5-6 жыл бұрын шыққанын айтты

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан видеоға қатысты ресми түсініктеме берді. Ол Баян Алагөзованың жұмысын сынға алып, екі өнер иесі желіде сөзге келіп қалған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, бұл видео 5-6 жыл бұрынғы ескі сұхбаттан алынған үзінді, ал қазіргі таралуы - мақсатты ақпараттық шабуыл болуы мүмкін.

«Кешеден бері видео хит болып жатыр. Телефоным толассыз қоңырауға толды. Бұл – ескі видео. Оны сөзсіз бір адам әдейі салғызды. Сұхбат – 5-6 жыл бұрын берілген, ол кезде Баян мемлекеттің қаржысына сериал түсірген еді. Алайда сериал жарамсыз деп танылып, Ұлттық арнадан алынып тасталған болатын», – деп жазды Түсіпбаева өз парақшасында.

Әншінің айтуынша, сол жылдары белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұлов түсірілмей қалған фильмі үшін мемлекетке қаражатты қайтарған. Ал Баян Алагөзованың туындысы да жарамсыз деп танылғанымен, қаржы қайтарылмаған.

«Халықтың ақшасына түсірілген сериал жарамсыз болса, ол қаражат бюджетке қайтарылуы тиіс. Сол кезде де осыны айтып едім. Алайда Баян мені сынап, жеке басыма тіл тигізді. Қазір барынша мәдениетті кейіп танытып отыр», – дейді әнші.

Меруерт Түсіпбаева бұл видеоны әлеуметтік желіде қайтадан тарату арқылы өзіне қарсы ақпараттық шабуыл жүріп жатқанын атап өтті.

Оның айтуынша, видеоның тек бір бөлігі қиылып берілгендіктен, көптеген адам мән-жайды толық түсінбей, әнші Баянға не себепті қарсы шықты деген сұрақтар туындап жатыр.

«Мемлекеттің ақшасы - ол біз төлеген салық. Сондықтан оның әр тиыны есепке алынуы тиіс. Бұл талап қай тұстан қате? Жарамсыз сериалға жұмсалған ақша жайлы айту – заңды талап», – деді ол.

Түсіпбаева оқырмандарды видеоның толық нұсқасын қарап, жағдайға байыппен қарауға шақырды. Оның айтуынша, қазіргі дау - бұрынғы пікірді әдейі еске түсіру арқылы жасалған ақпараттық манипуляция болуы мүмкін.