QR-код стикерлерін жыртып, монета қабылдағышты бітеп тастаған
Қостанай қаласында әйел адам ауызсу сататын автоматтарды әдейі бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі облыстық соттың ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Әйел автоматтардағы QR-код жапсырмаларын жыртып, монета қабылдағыштарын бітеп, құрылғылардың істен шығуына себеп болған. Соның салдарынан бірнеше ауданның тұрғындары ауызсуға қол жеткізе алмай қалған.
Сот барысында белгілі болғандай, айыпталушы әйел бұрын осы автоматтардың иесіне тиесілі жеке кәсіпкерлікте жұмыс істеген. Алайда 2025 жылдың қаңтарында жұмыстан шыққан соң, оған еңбек кітапшасы мен жалақының бір бөлігі берілмеген.
Сотқа бейнежазбалар, фотосуреттер мен куәгерлердің айғақтары ұсынылған. Бұл дәлелдер әйелдің автоматтарды әдейі бүлдіргенін нақты көрсеткен. Бір кәсіпорын қызметкері күдіктінің әрекетін видеоға түсіріп, дереу полицияға жүгінген.
Қостанай қаласының тұрғынына ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы 1-бөлігі бойынша (Бөтен мүлікті қасақана бүлдіру) әкімшілік жаза қолданылып, 137 600 теңге айыппұл салынды. Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы 1-бөлігіне сәйкес, бөтеннің мүлкін әдейі бүлдіру немесе жою — қылмыстық сипат болмаған жағдайда — 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл немесе 5-тен 20 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алу жазасын көздейді.