Әуежай тек Арқалық үшін емес, жалпы Торғай өңірі үшін стратегиялық маңызға ие
Қостанай облысының Арқалық қаласында жаңа әуежайдың құрылысы ресми түрде басталды. Бұл – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде, «AMANAT» партиясы фракциясының жүйелі қолдауымен жүзеге асырылып жатқан маңызды инфрақұрылымдық жоба, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылыс нысанына жұмыс сапармен барған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев жобалық-сметалық құжаттамамен, терминалдың сәулеттік шешімдерімен танысып, атқарылып жатқан алғашқы жұмыстардың барысын көрді.
«Арқалыққа әуе қатынасының қажеттілігі туралы тұрғындардан жиі еститінмін. Бұл тек көлік мәселесі емес, бұл – өмір сапасы, жедел қолжетімділік, жаңа мүмкіндіктерге жол. Құрылыс басталды деген сөз – уәде нақты іске айналғанының айғағы», – деді депутат.
Әуежай тек Арқалық үшін емес, жалпы Торғай өңірі үшін стратегиялық маңызға ие. Ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған әуе қатынасын қалпына келтіру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдететін шешуші қадам. Жоба аясында заманауи терминал, ұшу-қону жолағы, жарықтандыру, қауіпсіздік жүйелері мен жолаушыларға жайлы жағдай жасалмақ.
Жаңа әуежай іске қосылғаннан кейін Арқалық пен оған жақын орналасқан Жангелді, Амангелді аудандары үшін көлік қолжетімділігі артып, тұрғындардың ірі қалаларға, әсіресе Астана мен Қостанайға жетуі жеңілдейді. Сонымен қатар, өңірге инвестиция тартуға, медициналық қызметтің қолжетімділігіне және туризмді дамытуға кең мүмкіндік ашылады.
Жобаның бірінші кезеңі аясында жерді дайындау, уақытша инфрақұрылымды орнату және құрылыс алаңын жоспарлау жұмысы жүргізіліп жатыр. Терминалдың өткізу қабілеті – сағатына 70 жолаушыны құрайды деп күтіліп отыр.
«AMANAT» партиясы шалғай өңірлердегі инфрақұрылымды жақсарту мәселесін басты назарда ұстап отыр. Партия фракциясының бастамалары мен Мемлекет басшысының тапсырмалары нақты іске айналып жатқанының дәлелі – Арқалықтағы әуежай құрылысы.
«Бұл – партиямыздың нақты ісі, халық алдындағы жауапкершілігі. Уәдені орындау – біздің басты қағидамыз», – деді Берік Бейсенғалиев.