Жас спортшы қыз финалға дейін жетіп, халықаралық додадан елге медальмен оралды
Ақтаулық спортшы Арина Қуанышева еркін күрестен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Чемпионат 6 шілде күні Қырғызстан астанасы Бішкекте өз мәресіне жетті. Арина Қазақстан құрамасы сапында сынға түсті.
Аталған чемпионатқа Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Жапония, Үндістан, Корея, Моңғолия, Өзбекстан, Тайвань және басқа да елдердің жас спортшылары қатысты.
Арина Қуанышева 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Алдын ала іріктеу кезеңдерінде Арина Тайвань мен Жапония спортшыларын жеңіп шықты.
Финалда Өзбекстаннан келген қарсыласына сәл ғана есе жіберіп, екінші орынға тұрақтады. Бұл туралы оның жаттықтырушысы Александр Мухалев мәлімдеді.
Арина Қуанышева Азия чемпионатына дайындық барысында өзін жаттықтырған Меруерт Дымбаеваға, Юлия Хамелиске және Александр Мухалёвке алғыс айтты.
Еске салайық, Арина Қуанышева биыл сәуір айында еркін күрестен Қазақстан чемпионы атанған болатын.