Иран басшысы бұл туралы журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында айтты
Иран президенті Масуд Пезешкиан Израиль тарапы оған қастандық әрекетін жасағысы келгенін, бірақ ол сәтсіз аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Иә, олар (қастандық жасауға) әрекет етті, тиісті түрде әрекет жасалды, бірақ олар бұл жоспарларын жүзеге асыра алмады», – деді Иран президенті сұхбат барысында.
Оның айтуынша, қастандық әрекеті дайындалып жатқан сәтте, ол болашаққа бағытталған жоспарлар талқыланып жатқан жиналыста отырған.
«Сол сәтте Израиль жиналыс өтіп жатқан ауданға соққы жасауға әрекеттенген», – деді Пезешкиан.
Қос мемлекет арасындағы қазіргі қақтығыс 2025 жылдың маусымында басталды. Израиль Иран аумағына зымыранмен соққы жасап, АҚШ бұл шабуылға қосылып, Ирандағы үш негізгі ядролық нысанға соққы берді.
Осы әрекетке жауап ретінде Иран Израильге 550-ден астам баллистикалық зымыран жіберді. Зымырандардың басым бөлігі ұсталып үлгергенімен, шабуыл салдарынан 28 адам қаза тапты.