Неміс қызы Валерия Youtube арнасында басынан өткен оқиғаны баяндады
Германиялық саяхатшы Валерия Youtube арнасында жариялаған видеосында Түркістан облысында саяхат кезінде жергілікті тұрғын тарапынан азғындық әрекетке тап болғанын айтып берді. Бұл оқиға желіде кеңінен тарап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Валерияның айтуынша, бұл оқиға екі жыл бұрын жазда болған. Ол Түркістан облысына саяхаттап келіп, Арыстан баб кесенесіне жақын жерде шатыр тігіп, түнемек болады. Біраз уақыттан кейін ерлі-зайыпты адамдар мініп келген көлік тоқтап, олар қызбен Google аудармашы арқылы сөйлескен.
«Олар жылқы бағатынын айтып, қайдан келгенімді, неге қонақүйде тұрмағанымды, жалғыз жүрген себебімді және тұрмыста бар-жоғымды сұрады», – дейді Валерия.
Кейін ер адам оның телефонын сұрап алып, ішіндегі суреттерді қарап, WhatsApp нөмірін, Instagram және YouTube аккаунттарын сұрап алған.
Саяхатшы түнгі сағат үш шамасында шатыр сыртынан дауыс естіп, оянып кеткен. Сөйтсе, сол ер адам әйелінсіз жалғыз келген екен.
«Шатырдың есігін ашқанда бетіме еңкейіп, сүймек болды. «Жоқ» деп нақты айтсам да, түсінгісі келмеді. Шатырға кірмек болды. Мен оны итеріп жібердім. Сосын аудармашы арқылы тағы сөйлескісі келді. Ақыры оны қуа бастадым, – дейді Валерия.
Валерияның айтуынша, ол бастапқыда ер адамды сенімді, ашық жүзді адам деп қабылдаған. Бірақ қауіпсіздік үшін WhatsApp нөмірін бергеніне өкінетінін айтты:
«Бұл оқиғадан кейін мен шекара қоюдың маңызын түсіндім. Адамдарға бәрін ашық айтып, сеніп беруге болмайды екен», – дейді ол.
Қазіргі таңда бұл жағдай бойынша ешқандай ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Алайда желі қолданушылары мен құқық қорғаушылар құзырлы органдардан дереу тексеру жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтауды талап етуде.