Шымбұлақ маңынан үш жасөспірім құтқарылды
Алматы маңындағы Шымбұлақ тауында үш жасөспірім өз бетімен төмен түсе алмай, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Жартасты аумақта соқпақ жол болмағанымен, геолокация белгіленіп, зардап шеккендермен байланыс үзілген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Республикалық жедел-құтқару жасағының тобы Медеу постынан шұғыл аттанып, координаталар бойынша тауға жаяу көтерілді. Жартастардың тік әрі қауіпті болуына байланысты арнайы альпинистік құралдар пайдаланылды.
2007 жылы туған екі ұл және 2008 жылы туған бір қыз табылып, алғашқы тексеруден өтті. Медициналық көмек қажет болмады. Арнайы арқандардың көмегімен олар қауіпсіз жерге түсірілді.
Құтқарылған жасөспірімдер құтқару постына жеткізіліп, кейін ата-аналарына табысталды.