Мәскеуде жалған ақша таратты деген күдікпен 23 жастағы қазақстандық ұсталды
5 000 рубльдік 300 жалған ақшаны дүкендерге өткізбек болған

Мәскеуде Қазақстанның 23 жастағы азаматы жалған ақша таратты деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Ресей ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Мессенджер арқылы жалған банкноттар сатып алған
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам мессенджер арқылы 5 000 рубльдік 300 жалған банкнотты сатып алып, оларды Ресейдің әртүрлі өңірлерінде өткізуді бастаған.
«Ол бұрыннан белгілі схема бойынша әрекет еткен: шағын сауда нүктелерінде ұсақ тауарлар сатып алып, жалған ақшамен есептескен. Осылайша, қайтарымға шынайы ақша алып отырған. Барлығы 28 жалған купюра өткізген: Волгоград облысында – 2, Астрахан облысында – 11, Мәскеуде – 15», – деп нақтылады полиция өкілдері.
1,36 млн рубльге жалған ақша тәркіленді
Күдікті Мәскеуде, Волгоград облысы полицейлерінің қызметтік іссапары кезінде қолға түскен. Жеке тексеріс барысында 272 жалған банкнот табылып, жалпы сомасы 1,36 миллион рубль тәркіленген.
Қылмыстық іс қозғалды
Оқиғаға байланысты Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 186-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта полиция жалған ақша көзін анықтап жатыр.