Сондай-ақ Асаин Байханов Ақсу әкіміне уәкілетті органдардың екі басшысын қызметінен босатуды немесе төмендетуді тапсырды
Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов 19 маусымдағы дауылды желден кейінгі қаланы қалпына келтіру жұмыстарының барысын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңір әкімі Instagram парақшасында еңбек демалысынан шыққаннан кейін бірден Ақсуға барғанын жазды.
«Ақсуда дауылды жел соғып, көптеген нысан зақымданды. Өкінішке қарай, қала тұрғыны Марина Пахомова қайтыс болды. Қайтыс болған адамның отбасына қажетті көмек көрсетілді: тиісті өтемақы төленді және коммуналдық қызметтер үшін екі жылға алдын ала төлем жасалды, несиелерін өтеуге қаражат бөлінді», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Асаин Байханов нысандарды қалпына келтіру бойынша көптеген жұмыс атқарылғанын, алайда жұмыс қарқыны көңіл көншітпейтінін атап өтті.
«Үш күн ішінде барлық құлаған ағашты, әсіресе, коммуналдық қызметтердің жұмысына көп шағым түскен Ақсу шағын ауданын тазарту қажет. Төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы күндерде халықпен кері байланыс жасамағаны үшін Ақсудың әкіміне, орынбасарына және аппарат басшысына сөгіс жарияланды», - деп толықтырды әкім.
Сондай-ақ Ақсу қаласының әкіміне уәкілетті органдардың екі басшысын қызметінен босатуды немесе төмендетуді тапсырды.
«Келесі аптада қайтадан келіп, жұмыстың ұйымдастырылуын тексеремін және жеке бақылауымда ұстаймын», - деп ескертті Байханов.
Еске сала кетейік, Ақсу қаласында дауыл кезінде құлаған ағаш әйелдің кеуде тұсына кіріп кеткен болатын. Қала тұрғыны сол жерде жан тапсырды.