Ол азаматтарға ресми құжатты делдалдық жолмен рәсімдеп беруге уәде берген
Ақтөбеде өзін делдал ретінде таныстырып, жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен рәсімдеп беремін деген уәдеге сенген 6 адам 2 миллион теңгесінен айырылды. Күдікті ұсталып, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе қалалық Полиция департаментіне бірнеше тұрғын жүгініп, жүргізуші куәлігін алып беремін деп ақша алған белгісіз ер адамға шағымданған.
Арызданушылардың айтуынша, ол азаматтарға ресми құжатты делдалдық жолмен рәсімдеп беруге уәде берген, алайда уәдесін орындамаған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны полиция бөлімшесіне жеткізді. Тексеру барысында күдіктінің 2024 жылдың басынан бері дәл осындай әдіспен алты адамды алдағаны белгілі болды.
Ол ешқандай ресми өкілеттігі болмаса да, құжаттарды «жылдам әрі оңай рәсімдеймін» деп уәде берген.
Алаяқтықтың салдарынан жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 2 миллион теңгені құрады.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабымен қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті тұрғындарға ескерту жасап, ресми құжаттарды заңсыз жолмен алып беремін дейтін күмәнді адамдарға сенбеуге кеңес берді.
Барлық мемлекеттік қызмет тек ресми органдар арқылы, заңмен белгіленген тәртіппен көрсетіледі.