Қыздардың бірінің ата-анасына айыппұл салынды
Қостанай облысында кәмелетке толмаған екі қыз металл қалақты қыздырып, ұйықтап жатқан танысының бетіне басқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылдың сәуір айында Лисаковск қаласында 2012 жылы туған кәмелетке толмаған екі қыз газ плитасында тамақ дайындауға арналған металл қалақты қыздырып, ұйықтап жатқан Ч.-ның сол жақ бетін, оң аяғын және сол қолын қасақана күйдірген. Зардап шеккен қыз ауырсынудан жан дауысы шығып, айқайлаған.
Сот отырысында қыздардың бірінің анасы – М. ата-аналық міндетін орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ол өз кінәсін толық мойындап, өкінді.
Сот қаулысымен оған 55 000 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.