Сенатор Алматыда өткен халықаралық конференцияда рухани мұраларды сақтау мен дінаралық диалогтың маңызын атап өтті
Алматыда «Рухани дипломатия мен әлемдік және дәстүрлі діндердің қасиетті мұрасын сақтау» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Шараға қатысқан Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі Қазақстанның дінаралық келісімді нығайтуға бағытталған бастамаларын тілге тиек етіп, рухани дипломатияның жаһандық бейбітшілік пен өзара түсіністікті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта президенттің бастамалары, Сенаттың және Әлемдік діндер көшбасшылары Съезінің жұмысы маңызды үлес қосып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Діни конфессиялар, ғылыми қауымдастық, дипломатиялық топтар және азаматтық сектордың өкілдері дінаралық диалог саласындағы сын-қатерді, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудағы рухани дипломатияның маңызын талқылады.
«Қазақстан Президенті дінаралық диалогқа, келісім мен өзара түсіністікке ерекше мән береді. Бұл бағытта Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Хатшылығы мен Парламент Сенаты тарапынан ауқымды жұмыс атқарылуда. Мұсылман ақсақалдар кеңесінің қызметі де Қазақстанның рухани дипломатия саласындағы бағыт-бағдарымен үндес болып отыр. Өзгермелі әлемде рухани бағдарлар мен қасиетті мұраларды сақтау маңызды», - деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.