Ауылдағы 260-тан астам тұрғын таза және сапалы ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында мемлекет меншігіне қайтарылған активтер есебінен 19 нысанның құрылысы қаржыландырылды. Олардың қатарында ауыз су жүйелері мен денсаулық сақтау саласына арналған инфрақұрылымдар бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 30 маусымда Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров Жамбыл ауданына қарасты Жаңаөткел ауылында іске қосылған сумен жабдықтау жүйесінің ашылу салтанатына қатысты.
«Бұл бастама – мемлекетке қайтарылған қаражаттың қоғам игілігіне қалай жұмыс істейтінінің және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қалай үлес қосатынының айқын көрінісі», — деді Нұрғалым Әбдіров.
Сумен жабдықтау жүйесі іске қосылғанға дейін Жаңаөткел ауылының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізе алмаған. Ауылда орталықтандырылған су желісі мүлде болмаған.
Жаңа жүйенің арқасында ауылдағы 260-тан астам тұрғын таза және сапалы ауыз сумен тұрақты түрде қамтамасыз етіледі. Бұл – өңір халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.