Мұндай жағдайда әдетте жануарлар тірі қалмайды
Аустралияда тоғыз айлық Пабло есімді мысық абайсызда кір жуғыш машинаға кіріп кетіп, 55 минут кірмен бірге жуылған. Бұл жағдай жануарларды қорғаушылар мен ветеринарлардың арасында үлкен таңданыс тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пабло есімді бирмандық тұқымды мысық ашық тұрған кір жуғыш машинаға кіріп, ұйықтап қалған. Үй иелері оның іште жатқанын байқамай, кір жуу процесін қосқан.
Осылайша, Пабло үш мың айналымнан тұратын, суық әрі сабынды суда 55 минут айналған.
7 News Australia хабарлағандай, оқиға орнына жеткен ветеринар Элла Ярсли мысықтың миы мен өкпесінде ауыр жарақаттар болғанын растады. Оның айтуынша, толық жуу циклынан аман қалу – сирек кездесетін жағдай.
«Паблоның тірі қалуы – нағыз ғажайып. Көп мысық мұндай жағдайдан аман қалмайды. Бірақ ол жеті күндік интенсивті терапиядан кейін толық жазылып шықты», – деді маман.