Ол осы мәселені шешу жолдары туралы айтты
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Марат Омаров келісілген матчтардың бар екенін ресми түрде мойындады. Бұл туралы ол халықаралық «Sport Radar» ұйымының деректеріне сүйене отырып мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Sports24.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі спорт журналисі, комментатор, Қазақстан құрамасының бұрынғы баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен бұған дейін отандық футболда келісілген матчтар үйреншікті құбылысқа айналғанын айтқан болатын. Оның айтуынша, күмән тудыратын есептер Премьер-лигада да, Бірінші лигада да жиі кездеседі.
ҚФФ президенті Марат Омаров бұл мәлімдемені растап, нақты деректер келтірді:
«Келісілген ойындар мәселесіне келсек, мұнымен айналысатын «Sport Radar» деген ұйым бар. Сол ұйымның статистикасына сәйкес, Қазақстан әлем бойынша келісілген матчтар саны жағынан төртінші орында тұр. Бұл – үлкен мәселе. Федерация бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», – деді ол.
Федерация өкілдерінің айтуынша, КФФ алдағы уақытта халықаралық ұйымдармен серіктестікті күшейтеді, ереже бұзушыларға қатысты қатаң санкциялар қолданады
Бұл қадамдар футболдағы әділдік пен адалдықты қалпына келтіруге бағытталған, дейді ол.