Алакөл жағажайы Түркия мен Мысырдың тәжірибесі негізінде кеңейтіледі

Автор: Алмас Ерсін

Жаңа бас жоспарды дайындау барысында Түркия мен Мысырдың жағажай инфрақұрылымын дамыту үлгілері, әлемдік тәжірибе негізге алынбақ

Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысының әкімі Берік Уәли Мақаншы ауданына жұмыс сапары барысында Алакөлді дамытуға арналған жаңа Бас жоспардың тұжырымдамасымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сол жағалау ұзартылады

Өңір әкімдігінің мәліметінше Алакөл туристік аймағын кешенді түрде дамыту мақсатында арнайы Бас жоспар әзірленіп жатыр.

«Қазіргі таңда көл жағасында 300 гектарға жуық жағажай аймағы бар. Жоспар аясында бұл аумақты ұлғайту көзделуде. Жағажайда жүргізілген зерттеу нәтижесінде оң жағалаудың сазды жерде орналасқаны анықталды. Сондықтан сол жағалауды ұзарту жоспарланып отыр», - деп жазылған хабарламада.

Жаңа бас жоспарды дайындау барысында Түркия мен Мысырдың жағажай инфрақұрылымын дамыту үлгілері, әлемдік тәжірибе негізге алынбақ.

Стандарттарға сәйкес су шетінен 100 метр қашықтықта құм жабыны ғана болуға тиіс.

«Алакөлге келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Көл маңындағы инфрақұрылымды дамытып, жағажай аумағын кеңейту арқылы туристерге қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Бас жоспарды әлемдік стандарттарды негізге ала отырып әзірлейміз», - деді аймақ басшысы.

Көл жағалауында облыс әкіміне «Алакөл көлінің жағалауын бекіту" жобасы ұсынылды.

Инвесторлар көл жағалауына 100 үй құрады

Аймақ басшысы қытай инвесторларымен бірге катерге отырып, Алакөл туристік аймағын дамытуға қатысты жобаларды талқылады.

"Сан Бао","Ванджан", "Juding Group" компаниясының өкілдері Алакөл экономикалық форумының конференциялық орталығы, халықаралық мейманхана, жоғары сапалы ағаш үйлер (эко-үйлер), ғарыш базасының сауықтыру орталығы, Қазақстанның халық мәдениеті көрме-сауық орталығы, су сарайы, отбасылық ғылыми-зерттеу базасы секілді жобаларды таныстырды. Олар осы жобаларға инвестиция салуға дайын екенін жеткізді. Инвесторлар жуық арада көл жағалауына бірден құрылатын 100 үйді әкеп, орналастыруға әзір екендіктерін айтты.

Облыс әкімі тиісті басқарма басшысы мен аудан әкіміне жергілікті компаниялармен бірлесіп, концорциум негізінде жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуді тапсырды.

"Алакөлдің бас жоспары негізінде көлдің инфрақұрылымын дамытамыз. Инвестиция тарту бағытындағы жұмысты жалғастырамыз", - деді аймақ басшысы.