Фермерлер киіктер егін мен жайылымды таптап жатыр деп дабыл қақты
Қазақстанда киік популяциясын реттеу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Батыс Қазақстан облысындағы фермерлермен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрге аймақ тұрғындары егін мен жайылымның жаппай тапталуы салдарынан жүздеген миллион теңге көлемінде шығынға батқанын жеткізді. Фермерлердің айтуынша, бұл – тек экологиялық мәселе емес, ауыл шаруашылығының жүйелі дағдарысына айналған жағдай.
Министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қабылданған шешім мына факторларға негізделген:
«Біз киік санына қатысты реттеу шараларын халықаралық экологиялық келісімдерге, ғылыми ұсынымдарға және халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жүргіземіз», – деді министр.
Бірнеше жыл бұрын жойылып кету алдында тұрған киіктер қазір миллиондап көбейген. Мамандардың мәліметінше, 2024 жылдың өзінде олардың саны 2 миллионнан асып кеткен, бұл – шөлейт және жартылай шөлейт аймақтарда жайылым мен егін алқаптарына елеулі қауіп төндіреді.