Олар көлік терезесіне отырып алып, жұрттың назарын аударды
Ақтауда бір топ жасөспірім жүріп келе жатқан көліктен басын шығарғаны үшін жүргізушілері жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу деректері бейнеленген видео тарады. Кадрларда Toyota, Lexus және LADA Priora маркалы төрт автокөліктің жолаушылары терезеден басын, денесін шығарып отырған сәті көрініс тапқан.
26 маусым күні әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде жол ережелерін бұзған жүргізушілер анықталды.
«Барлық жүргізуші анықталып, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полиция қызметі.
Ақтау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 593-бабы – жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу, 595-бабы – жол жүрісін басқа көлікке кедергі келтіретіндей ұйымдастыру бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды.
Көліктер қозғалыс кезінде жолаушылардың терезеден шығуы, түнгі уақытта жарық шамдарын қоспай көлік жүргізу фактілері тіркелген.