Ол АҚШ пен Шенген визасын алып беремін деп уәде берген
Астанада полицейлер өзін заңгерлік компанияның директоры ретінде таныстырған 34 жастағы әйел адамды ұстады. Ол ондаған азаматты алдап, аса ірі көлемде қаржы жымқырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметіне сәйкес, алаяқтың құрбандарының бірі – 49 жастағы астаналық әйел. Ол күдіктіге АҚШ пен Шенген визаларын рәсімдеуге көмектеседі деген уәде үшін 49 миллион теңге аударған.
Алайда, екі тарап арасында ешқандай ресми келісімшарт жасалмаған. Ал күдіктінің өтінішімен қаржы тікелей үшінші тұлғалардың есепшотына аударылған. Себебі оның заңды тұлғасына (ЖШС) тиесілі шоттарға бұғат қойылған.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше:
«Әйел азаматша алынған қаражатты өз қалауынша жұмсаған. Ол осындай ондаған жағдайға қатысы бар. Қазіргі уақытта оның үстінен 100-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Жалпы келтірілген шығын 300 миллион теңгеден асады», – делінген ресми хабарламада.
Күдікті азаматша ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.