Баспанаға кезекте тұрған адам саны 720 мыңға жетті – депутат

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл – соңғы үш жылдағы көрсеткіш

Фото: parlam.kz

Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жүйелі проблемаларға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан Республикасы бюджетінің 60%-дан астамы әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталған. Алайда соңғы түзетулерден кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджеті 96 млрд теңгеге қысқарған.

«Бұл қаржы мүгедектігі бар азаматтарға төленетін жәрдемақыны кемінде 20%-ға арттыруға немесе 100 мыңға жуық ерекше балалары бар отбасыға қажет оңалту орталықтарын салуға жұмсалуы мүмкін еді. Бірақ министрлік бұл қаржыны игермей, депутаттарды хабардар етпестен үнсіз қалған. Ғылым және жоғары білім министрлігі де депутаттар мақұлдаған 52 млрд теңге сомасындағы ғылымды тікелей қаржыландыруға арналған қаражатты қысқартқан. Соның нәтижесінде маңызды ғылыми жобалар инвестициясыз қалды», - деді Бейсенбаев.

Оның айтуынша, нәтижесінде жалпы алғанда 150 млрд теңге игерілмей, бұл сомма кейбір орталық мемлекеттік органның жылдық бюджетімен пара-пар болып отыр.

«Бұл жағдай мемлекеттік органдар дайындаған талдау мен болжамдардың сапасыз екенін көрсетеді. Соңғы үш жылда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны 400 мыңнан 720 мыңға дейін артқан. Бұл жыл сайын 100 мыңнан астам жаңа отбасының кезекке қосылатынын көрсетеді. Мұндай күрт өсім – халықтың табыс деңгейінің төмендеуі мен экономикалық қиындықтардың айқын көрінісі. Бүгінгі таңда мемлекеттік қарыз елдің жылдық бюджет көлемінен 6,2 трлн теңгеге артық болып, жалпы 32 трлн теңгеге жетті. Сарапшылардың болжауынша, 2025 жылдың басында сыртқы қарыз 1,5 млрд АҚШ долларына өсіп, 168 млрд долларға, яғни 86 трлн теңгеге жетуі мүмкін», - деді депутат.