Қазақстанда жыл басынан бері 5,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Автор: Асыл Арман

Этникалық қазақтардың қай өңірлерден келгені анықталды

Фото: istockphoto.com

2025 жылдың басынан бері 5 496 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Жалпы алғанда, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 153 мың этникалық қазақ қоныс аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қандастар қай елдерден келді?

Жыл басынан қандастардың негізгі бөлігі мына елдерден келген:

  • Қытай – 45,8%;
  • Өзбекстан – 41,2%;
  • Түрікменстан – 5,5%;
  • Моңғолия – 2,6%;
  • Ресей – 2,4%;
  • Басқа елдер – 2,5%.

Қандастардың жас ерекшелігі мен білім деңгейі

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қандастардың жас құрамына сәйкес:

  • Еңбекке қабілетті жастағы азаматтар – 60,1%;
  • 18 жасқа дейінгі балалар – 31%;
  • Зейнеткерлер – 8,9%.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейі:

  • Жоғары білімді – 17%;

  • Орта кәсіптік білімді – 27,4%;
  • Жалпы орта білімді – 53,2%;
  • Білімі жоқ – 2,4%.

Қандастар қай өңірлерге қоныстанды?

Этникалық қазақтар елдің түрлі өңірлеріне қоныстануда. Мемлекет еңбек күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аударуды ынталандыруда. Оларға мыналар жатады:

  • Ақмола облысы;
  • Абай облысы;
  • Қостанай облысы;
  • Павлодар облысы;
  • Атырау облысы;
  • Батыс Қазақстан облысы;
  • Шығыс Қазақстан облысы;
  • Солтүстік Қазақстан облысы.

2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы – 2 309 адам. 1 маусымдағы жағдай бойынша 917 қандас осы өңірлерге көшіп барды.

Мемлекеттік қолдау: көшу мен баспана шығындары өтеледі

Қоныстандыру өңірлеріне көшіп барған қандастарға мынадай мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған:

  • Көшуге бір реттік субсидия: отағасына және әр отбасы мүшесіне 70 АЕК (шамамен 275,2 мың теңге);
  • Тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге: бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (шамамен 59-118 мың теңге аралығы).

Қолдау нәтижелері мен жаңа бастамалар

2025 жылдың алғашқы жартысында 340 қандас түрлі қолдау шараларымен қамтылды. Оның ішінде 163 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды

Сондай-ақ, ерікті қоныс аудару тиімділігін арттыру үшін жаңа институционалдық шаралар қабылданды:

  • Жұмыс берушілерді ынталандыру
  • Экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді:
    – Тұрғын үй сатып алуға, салуға немесе ипотекалық қарыздың алғашқы жарнасын жабуға;
    – Құнының 50%-ына дейін, бірақ бір отбасына 4,56 млн теңгеден аспайтын мөлшерде;
    Біржолғы, өтеусіз және қайтарымсыз негізде.