Енді қазақстандықтар Қырғызстанның танымал курортына ұшақпен бара алады
Қазақстанның Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, Алматыдан Қырғызстандағы Ыстықкөлге тікелей әуе рейстері ашылады. Жаңа бағытта екі әуе компаниясы – Asman Airlines пен Fly Arystan қатынайтын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қырғызстандық Asman Airlines компаниясы 2024 жылғы 27 маусымнан бастап Алматы – Ыстықкөл бағыты бойынша аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері тұрақты жолаушылар рейстерін орындай бастайды.
Бұл компания Қазақстан нарығына енген жаңа тасымалдаушы ретінде тіркеліп отыр.
3 шілдеден бастап Fly Arystan әуе компаниясы дәл осы бағыт бойынша бейсенбі және жексенбі күндері рейстер орындайды.
Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, жазғы маусымда Алматы мен Ыстықкөл арасында аптасына 4 тұрақты рейс орындалады. Бұл қазақстандықтар үшін көрші елдегі танымал демалыс орнына жетуді айтарлықтай жеңілдетеді.