Тоқаев XI «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын ашты

Автор: Асыл Арман

Халықаралық жастар жиынына 800-ге жуық жас қатысып жатыр

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті – Қарулы Күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алты елден келген 800-ге жуық жас жиынға қатысуда

Іс-шара биыл Ақтөбе облысында өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен келген 800-ге жуық жас қатысуда. Олар – әскери-патриоттық қозғалыстардың белсенді мүшелері.

«Айбын» жиыны – ерлік пен елдікке тағзым

Слет екі маңызды тарихи датаға арналды:

  • Ұлы Жеңістің 80 жылдығы;
  • Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы.

Президент өз сөзінде бұл тұлғалардың ерлігін жас ұрпақтың жадында сақтаудың маңызын атап өтті.

Тоқаев: «Біз батырларымызды ешқашан ұмытпаймыз»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында жастарға үндеу арнап, тарих пен ерлік сабағының маңызын ерекше атап өтті:

«Әлия Молдағұлова – халқымыздың ер жүрек қызы. Ол майдан даласында теңдессіз ерлік пен адалдықтың символына айналды. Ұлы Жеңіс – ортақ тарих, ортақ мақтаныш. Біз ерлеріміздің есімін мәңгі есте сақтаймыз», - деді.

Қазақстан – Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан ел

Президенттің мәліметінше, 1 миллион 200 мың қазақстандық майданға аттанса, оның жартысына жуығы қаза тапты. Мыңдаған адам тылда еңбек етіп, майданға азық-түлік, қару-жарақ, оқ-дәрі жөнелткен.