Цифрлық даму министрлігі пилоттық жобаны таныстырды
Қазақстанда жеке куәлікті де енді eGov.kz арқылы онлайн рәсімдеуге болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, жеке куәлікті eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында құжатты қашықтан қайта рәсімдеуге мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылды. Бастама Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бірлесіп жүзеге асырды.
Қызметке тапсырыс беру үшін eGov.kz электрондық үкімет порталында авторизациядан өтіп, қажетті қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, мәліметтерді толтыру, қол қою әдісінің бірі арқылы өтінімді растау және мемлекеттік баж салығын банк қосымшасы арқылы төлеу қажет.
Мобильді қосымша арқылы өтінім беру үшін қосымшада авторизациядан өту, тиісті қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, қажетті деректерді толтыру, құжатты алу орнын көрсету, мемлекеттік баж салығын төлеу және өтінімді Face/Touch ID арқылы растау қажет.
Бұл қызметті тек жеке куәлік иесі ғана ала алады. Басқа адамның атынан, тіпті сенімхат немесе қамқоршылық негізінде де өтінім беру мүмкін емес.
Жеке куәлікті онлайн түрде тек оның қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда ғана ауыстыруға болады – құжат мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын немесе мерзімі өткеннен кейін 10 күн ішінде.
Жаңа жеке куәлікті өтініш беруші алдын ала көрсеткен тіркеу пунктінен алуға болады. Құжатты дайындаудың стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні.
Қызметтің стандартты түрі үшін мемлекеттік баж – 0,2 АЕК. Құжатты жедел рәсімдеу қажет болған жағдайда, үдетілген қызмет түрлері қолжетімді: 3 жұмыс күнінде – 1 771 теңге, 1 жұмыс күнінде – 3 372 теңге.
Өтінімді беру рәсімі заманауи деректерді қорғау әдістері мен қосымша сәйкестендіру факторлары қарастырылған қорғалған Digital ID жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Алдымен жүйе өтінім берушінің ЖСН мен телефон нөмірін мобильді азаматтар базасы арқылы тексереді. Содан кейін тіркелген телефон нөміріне бір реттік құпия код (OTP) жіберіледі. Бұдан әрі пайдаланушы қосымша қорғау шарасы ретінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі қажет. Мұндай тәсіл жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және үшінші тұлғалардың қызметке қол жеткізу мүмкіндігін толығымен болдырмайды.
Барлық биометриялық деректер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қорғалған контурында шифрланған түрде сақталады. Digital ID ақпараттық жүйесі ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің талаптарына сәйкестігі жөніндегі актіге ие.
Кейбір жағдайларда пайдаланушылар биометриялық сәйкестендіруден өте алмауы мүмкін. Бұл бет-әлпетінің ерекшеліктеріне, операциядан кейінгі өзгерістерге, тыртықтардың болуына, жас ерекшеліктеріне немесе мимикаға байланысты болуы ықтимал.
Мұндай жағдайлар қызмет көрсетуден бас тарту болып саналмайды – бұл қауіпсіздік шарасы ретінде қарастырылған. Онлайн сәйкестендіруден өту мүмкін болмаған жағдайда, жүйе автоматты түрде балама нұсқа – ХҚКО арқылы рәсімдеуді ұсынады. Бұл ретте өтініш беруші өзіне ыңғайлы кез келген ХҚКО-ға жүгіне алады.