8 600 заң бұзу ісі анықталды: жастар қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне белсене араласып жүр

Автор: Мөлдір Қазыбай

«Есірткіге жол жоқ» акциясы аясында жастар 9 000-нан астам граффитиді жойды

Фото: «Жастар Рухы»

Қоғамдағы заң мен тәртіптің салтанат құруы – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Бұл жолда жастардың белсенділігі ерекше маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» бастамасын қолдаған «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты соңғы бір жылда қауіпсіз әрі әділетті қоғам құруға бағытталған бірқатар нақты жобаларды жүзеге асырды. Бұл туралы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бүгін құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тәртіп пен заңның рөлін айрықша атап өтті.

Президент өз сөзінде: «Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылады», деп нақты атап көрсетті.

Ел болашағы саналатын жастардың бұл бағытта атқарып жатқан істері – мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысының берік екенін тағы бір дәлелдеді», - деді Ақерке Искандерова.

Ол сөзін жалғай отырып, осы бағытта «Жастар Рухы» атқарған іс-шараларды тілге тиек етіп өтті.

«Соңғы бір жыл ішінде «Жастар Рухы» Жастар қанаты осы қағидатты жүзеге асыруға бағытталған ауқымды жобаларды қолға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізуде. Жастар тек үндеу тастап қана қоймай, қоғамның әр түкпірінде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Біріншіден, президент ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру мақсатында 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап «Жастар Рухы» республикалық «Қауіпсіз қоғам» акциясын іске қосты. Акция шеңберінде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру сынды бағыттар қамтылды.

Жастар полиция департаменттерімен бірлесіп, еліміз бойынша 1000-нан астам рейд ұйымдастырып, 8 600 құқық бұзушылықты анықтады. Бұл көрсеткіш тек сан ғана емес, жастардың қоғамдық қауіпсіздікке деген жауапкершілігінің көрсеткіші. Рейдтер негізінен қоғамдық орындардағы тәртіпсіздікті, мас күйінде көлік жүргізуді және жол ережесін бұзу деректерін анықтауға бағытталды», - дейді ол өз сөзінде.

Айтуынша, акция аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес те назардан тыс қалған жоқ. 14 аймақта әлеуметтік сауалнамалар, 6 өңірде әлеуметтік эксперименттер өткізіліп, қоғамдағы бұл мәселе туралы көзқарастар зерттелді. Бұл жұмыс – жастардың әлеуметтік әділеттілікке бейжай қарамайтынының тағы бір дәлелі.

«Екіншіден, 2023 жылдың қазан айында бастау алған «Вандализмге жол жоқ!» атты тағы бір бастама – жастардың мәдени мұраға деген құрметін көрсетті. Бұл акцияның басты мақсаты – тарихи және мәдени нысандарды вандализмнен қорғау, жастар арасында экологиялық және мәдени жауапкершілікті қалыптастыру болды.

Бүгінде 4 000-нан астам жас белсенді мен ерікті 760-тан астам тарихи және мәдени нысанды тазартты. Солардың ішінде еліміздің мақтанышына айналған «Тамғалы тас» петроглифтері, Шәкәрім мен Сәкен ескерткіштері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі секілді ерекше тарихи орындар бар. Бұл жұмыстар бір реттік акция емес, тұрақты негізде жалғасуда.

Айта кету керек, осы бастамалар нәтижесінде Мәжілісте вандализмге қатысты жауапкершілікті күшейтетін заң жобасы қабылданды. Бұл – жастардың бастамасы ұлттық деңгейде заңнамаға дейін ықпал ете алатынының дәлелі», - деп атап өтті.

Үшіншіден, жастардың заңсыз есірткі айналымына қарсы күресі де назардан тыс қалмағанын тілге тиек етті. «Есірткіге жол жоқ!» атты акция аясында үш бағыт бойынша жұмыс жүргізілді:

  • Жастар есірткі жарнамаларын жоюға бағытталған жұмыстарды қолға алды. 2023 жылдан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде 9 000-нан астам граффити жойылып, бұл іске 2 000-нан астам жас тартылды. Бұл шара құқық қорғау органдары мен жергілікті әкімдіктердің қолдауымен жүзеге асты.
  • Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық іс-шаралар өткізілді. Астанада өткен «Bir Tolqynda» би чемпионатына 300 жас қатысып, жастардың өнер мен спортқа деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. Бұдан бөлек, еліміздің әр өңірінде мини-футбол, волейбол, жүзу сияқты түрлі жарыстарға 3 000-нан астам жас қатысты.
  • Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қатар жүрді. «Bir Tolqynda» және «Рухтастар Cases» диалог алаңдарында жастар дәрігерлермен, депутаттармен және мамандармен ашық кездесулер өткізіп, есірткінің зияны туралы жан-жақты ақпарат алды.

«Заң мен тәртіпке негізделген қоғам құру – тек құқық қорғау органдарының емес, әр азаматтың, жастардың ортақ жауапкершілігі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдаған жастар бұл бағыттағы жұмысын тоқтатпақ емес. Алдағы уақытта да қауіпсіз, әділетті әрі мәдени қоғам құру жолында жастардың белсенділігі арта беретіні анық», - деп «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова сөзін қорытындылады.