Осы уақыт аралығында 4,5 мың полицей жарақат алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйлеп, егемендік жылдары қаза болған полицейлер туралы қозғап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде арнайы операцияларға қатысқан полицейлер мемлекеттік наградалармен марапатталғанын қозғап өтті.
«Халқымыз құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ерлігін бағалайды, мақтан тұтады, әрқашанда қолдайды. Жақында күштік құрылымдарымыз Алматы облысында ірі есірткі зертханасын жойды. Маңғыстау облысында трансұлттық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Соның нәтижесінде есірткі бизнесіне мықты тосқауыл қойылды. Арнайы операцияларға қатысқан мамандар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қазаға ұшырады, 4,5 мың адам жарақат алды.
Бүгін біз қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз. Ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуға тиіс», - дейді Тоқаев.