Текеліде қоймада уланып жатқан жігітті полицейлер құтқарып қалды (ВИДЕО)
Ол бояудың иісіне уланып қалған
Жетісу облысының Текелі қаласында полицейлер дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жас жігіттің өмірін сақтап қалды. Бұл туралы Текелі қалалық ауруханасының реанимация бөлімінің дәрігері Нұрғазы Тұрдалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Полиция қызметкерлерінің алғашқы көмек көрсетуі өте жоғары деңгейде. Соның арқасында жас баланың өмірі құтқарылды», – деді дәрігер.
Есінен танған жігітті қоймадан тапқан
Оқиға 31 наурыз күні сағат 19:30 шамасында, Әуезов көшесінің бойында болған. Қызмет барысында жүрген патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Елдар Амангелді былай деп еске алады:
«Бейтаныс азамат бізді тоқтатып, көмек сұрады. Оқиға орнына келгенімізде қойманың ішінде бір бала есінен танып жатқан. Айналасында бояу төгілген, удың иісі шығып тұрды. Есінен танған адамның аузынан көбік аққан. Бірден алғашқы көмек көрсетіп, жүрекке массаж жасадық».
Уланған жігіт – 22 жастағы қала тұрғыны
Polisia.kz мәліметінше, есінен танып қалған адам – 22 жастағы Тимур Абдуллин. Ол «Жетісу Resort» кешенінде жұмыс істейді. Қоймада бірнеше сағат бойы бояу жағып жүрген.
«Шамамен 2-3 сағаттай бояу жақтым. Бірақ есімнен танып қалғаным есімде жоқ», – деді Тимур.
Оның көлігін кешен маңынан өтіп бара жатқан танысы Әбдібек Молдабеков байқап, Тимурды таба алмаған соң қоңырау шалып, жауап ала алмай, бірден полицияға хабар берген. Дәл осы адам құқық қорғау қызметкерлерін көмекке шақырған.
Дәрігер: дұрыс көрсетілмеген алғашқы көмек – өлімге әкелуі мүмкін
Мамандардың айтуынша, химиялық заттар ағзаға күшті әсер етеді. Егер дұрыс көмек көрсетілмесе, адам өмірімен қош айтысуы мүмкін.
«Ес-түссіз жағдайда адамның жүрегі де тоқтап қалуы ықтимал. Бұл – орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан туындайды. Мұндай кезде тыныс алу да қиындайды. Егер алғашқы көмек дер кезінде және дұрыс көрсетілмесе, пациентті жоғалтып алу қаупі өте жоғары. Бұл жағдайда полиция қызметкерлерінің кәсіби әрекеті – нағыз ерлік», – деді дәрігер Нұрғазы Тұрдалиев.
Құтқарушыларға алғыс
Қазіргі таңда Тимур Абдуллиннің өміріне қауіп жоқ. Ол өз өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлері Елдар Амангелдіге, Азамат Қазыбаев пен Жанатбек Ахметовке ерекше алғысын білдірді.