«Көгілдір лагунадағы» экологиялық мәселеге жауапты органдар назар аудармай отыр
Ақтауда танымал жағажайлардың бірі қоқыс алаңына айналды. Жауапты органдардан күдер үзген жергілікті тұрғындар өздері тазалауға кірісті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтаудағы танымал демалыс орындарының бірі – «Көгілдір лагуна» жағажайы маусым басталғалы қоқысқа тола бастады. Бұл мәселеге бей-жай қарай алмаған жергілікті тұрғындар демалыс күндері жағажайға барып, қоқыс жинауға кірісті.
Туристік ағынның жылдан-жылға артуына қарамастан, жергілікті билік экологиялық жағдайды жақсартуға қатысты нақты қадам жасамаған.
«Туристер демалғаннан кейін жағажайда таудай үйілген қоқыс қалады. Ал оны жинайтын немесе жоятын жүйе жоқ. Тіпті қоқыс жәшіктері мен контейнерлер де қойылмаған», – дейді белсенді Әлімжан Меретжанов.
Еріктілер небәрі 1,5 сағаттың ішінде 15 қап қоқыс жинаған. Бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін айқын көрсетеді. Жағажай аумағында арнайы қоқыс жәшіктері мен контейнерлердің болмауы себепті жиналған қалдықтарды қалаға дейін тасуға тура келген.
Жергілікті белсенділер қала тұрғындары мен қонақтарын табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырды:
«Келген заттарыңызды өздеріңізбен бірге алып кетіңіздер. Қоқыс тастамаңыздар. Бәрі өзімізден басталады», – дейді ол.
Көктем келісімен ерекше табиғатымен танымал Айрақты шатқалы – «Қамалдар алқабы» демалушыларға толды. Алайда, табиғат аясына ағылған адамдар артынан үйіліп қалған қоқыс экологиялық апатқа айнала бастаған. Жағдайды өз көзімен көрген туроператор ондағы мәселені де нақты мысалдармен көрсетіп берді.