Балалар экран алдында неғұрлым көп уақыт өткізсе, агрессия қаупі соғұрлым жоғары болады
Ғалымдар әртүрлі елдегі 300 мыңға жуық баланың деректерін талдап, телефон мен планшет алдында көп уақыт өткізу балалардың эмоционалдық және мінез-құлық проблемасын тудыруы мүмкін деген қорытындыға келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Psychological Bulletin журналының жазуынша, гаджет бес жасқа дейінгі балаларға қарағанда алты жастан 10 жасқа дейінгі балаларға көбірек зиян келтіреді.
"Балалар экран алдында неғұрлым көп уақыт өткізсе, алаңдаушылық, агрессия немесе өзін-өзі төмен бағалау қаупі соғұрлым жоғары болады. Онсыз да мұндай проблемасы бар балалар эмоциямен күресу үшін гаджетке үйірсек болып келеді", - деп түсіндірді Квинсленд университетінің психологы және зерттеу авторларының бірі Майкл Нотель.
Оның айтуынша, уақытты шектеу – шешімнің бір бөлігі ғана. Егер бала үнемі гаджетке кіріп отырса, Wi-Fi-ды ажыратып қана қоймай, оған қолдау көрсету қажет.
Зерттеу авторлары ата-аналарға гаджетті ұстау ұзақтығына ғана емес, баланың нақты не көріп, не ойнап жатқанына да назар аударуға кеңес береді. Сондай-ақ олар ата-аналарға смартфонмен ғана емес, балалардың эмоциясымен де күресуге көмектесетін бағдарламаларды ұсынды.
«Біз эксперимент үшін мыңдаған баланы экраннан алыстата алмаймыз, бірақ бұл зерттеу себеп-салдарды дәлелдеуге барынша жақын», - деп түйіндеді Нотель.