Зейнет жасына жеткен, бірақ зейнетақы рәсімдеуге немесе оны толық алуға өтініш бермеген адамдардың шотында 37,3 млрд теңге жатыр
2025 жылдың 1 маусымындағы мәлімет бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында алуға болатын 37,3 млрд теңге сұраусыз жатыр. Қор бұл ақшаның кім тиесілі екенін және оны алу үшін не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше зейнет жасына жеткен 264 695 адам зейнетақы жинағын алуға өтініш білдірмеген, олардың шотында шамамен 37,3 млрд теңге жатыр.
Оның ішінде БЖЗҚ-ның мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алған мәліметтеріне сәйкес:
Сұрауы жоқ зейнетақы жинағы инвестицияланады, салымшылардың жеке зейнетақы шотында алушылар не олардың мұрагерлері (салымшы қайтыс болған жағдайда) талап еткенге дейін сақталады.
Егер зейнеткер бұған дейін өтініш бермесе, зейнет жасына жетуіне байланысты жарнаның міндетті түрлері есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін тағайындау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгінуі қажет.
Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар және заңға сәйкес қажет құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өз жинағын пайдалана алады.
"БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасы мүшелері 94 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшері шегінде, бірақ қайтыс болған адамның ЖЗШ-да бар қаражатынан аспайтын мөлшерде жерлеуге біржолғы төлем ала алады", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ зейнетақы жинағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Зейнетақы жинағы бар адам қайтыс болғаннан кейін 6 ай ішінде оның мұрагерлері мұрагерлік мүлікті ресімдеу және мұрагерлік құқығы туралы куәлік алу үшін нотариусқа жүгінуге тиіс. Егер өтініш беру мерзімі өтіп кетсе, мұрагерлік құқығын қалпына келтіру үшін сот органдарына жүгіну қажет.