Оқиғаның видеосы ата-аналардың наразылығын туғызды
Астанада тағы бір балабақшадан шу шықты. Бұл жолы Bi Group балабақшаларының бірінде тәрбиешінің балаларды нұқып, жұлқып жатқаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралып, ата-аналардың наразылығын туғызды. Bi Group компаниясы біздің агенттікке болған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Видеодағы жағдай көпшілікті алаңдатты. Аталған жағдай, өкінішке қарай, біздің балабақшамыздың бір филиалында болды. Тәрбиешінің балалармен қарым-қатынас жасауы кәсіби әдеп пен тәртіп ережелеріне мүлдем сәйкес келмейді. Біз бұл жағдайды ауыр заңбұзушылық деп есептейміз», - деп мәлімдеді компания.
Тәрбиеші тиісті бап бойынша бірден жұмыстан шығарылған. Қазіргі уақытта ішкі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Әр баланың амандығы мен абыройына құрмет – біздің жұмыстағы басты қағидамыз. Қазіргі уақытта балабақшадағы қауіпсіздік пен ашықтықты арттыру үшін бар күшімізді салып жатырмыз — мұндай жағдайлардың болашақта мүлдем қайталанбауы үшін ішкі бақылау мен қадағалау жүйесін күшейту жұмыстары басталып кетті. Болған жағдайға шын жүректен өкініш білдіреміз», - деп атап өтті компания.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астанадағы мемлекеттік балабақшалардың бірінде тәрбиешінің көмекшісі бүлдіршіндерге күш көрсеткен болатын. Видеода балабақша қызметкері жерде отырған баланы бірнеше рет ұрып, кейін диванда отырған екінші балаға да күш қолданғаны анық көрінеді.