Мәжіліс төрағасы бюджетті жоспарлауда кеткен олқылықтарды сынады

Автор: Асыл Арман

Ол жаңа Бюджет және Салық кодекстері мемлекеттік қаржы жүйесін түбегейлі өзгертетінін айтты

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебі талқыланған отырыста бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге назар аударып, Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың өсуі мен сыртқы қарыз көлемінің артуын сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол өз сөзінде жаңа Бюджет және Салық кодекстері мемлекеттік қаржы жүйесін түбегейлі өзгертетінін, бюджеттік тәртіп пен ашықтықты күшейтетінін мәлімдеді.

«Бүгін біз Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебін жан-жақты талқыладық. Байыпты сын да, ұтымды ұсыныс да көп айтылды. Енді, оны бүгінгі дауыс берудің нәтижесі де көрсетті. Үкімет өз жұмысында оларға баса назар аударуға тиіс. Бәрін қайталаудың қажеті жоқ шығар.

Мен тек мына жайттарға тоқталып өткім келіп отыр. Бұрын бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты біраз сұрақ туындайтын. Биыл өкінішке қарай бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселелер болып отыр. Соның салдарынан Ұлттық қордан қаражат алу мен сырттан қарыз алу көлемі артып келеді.

Депутаттардың бұл алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар осы мәселе бойынша қорытынды жасалулары керек. Жоғарыдағы сын-ескертпелердің біразы бұрыннан айтылып жүр. Бұл – жүйелі проблемалар. Олар жүйелі шешімді қажет етеді», - деді Мәжіліс төрағасы.

Ол сөзін жалғай отырып, осы мәселелердің қалай шешіліп жатқаны туралы да қозғап өту керек екенін айтты.

«Депутаттар осы мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу үшін жыл бойы белсене жұмыс атқарды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Бюджет кодексі әзірленді. Онда бұрыннан келе жатқан түйткілдердің дені ескерілген. Осылайша, жаңа Бюджет кодексі бұрынғы модельдің олқы тұстарын – бөлшектенуді, жариясыздықты және бақылаудың әлсіздігін жоюға бағытталған.

Енді біз – депутаттар мемлекеттік органдардың ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен бюджеттен тыс қорлардың да шығыстары мен фискалдық міндеттемелерін толық көріп отырамыз. Бүкіл бюджет процесі цифрланып, ашық болады. Қаржылық тәртіп күшейе түседі.

Мемлекеттік органдар нақты нәтижеге қол жеткізуде бюджеттік дербестікке ие болады және қаражатты игеру ғана емес, дәл осы жайт олардың тиімділігіне баға беруге негіз болмақ. Ең бастысы, Ұлттық қор қаражаты тек стратегиялық мақсаттар мен инвестицияға жұмсалады. Мұны депутаттар қатаң қадағалайды», - дейді Қошанов.

Оның айтуынша, жыл сайын Үкімет нысаналы индикаторларды бюджет мүмкіндіктеріне орай түзетіп отыратын. Оған жол беруге болмайтынын депутаттар бірнеше рет ашық айтқан. Енді мұндай талап Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде бекітілді. Бұл қадам бюджетті жоспарлау сапасын жақсартады әрі мемлекеттік органдарды стратегиялық басқару бағытына жетелейді, дейді ол.

«Алдыңғы жылдары біз республикалық бюджетке дивидендтер төлеуде де теңгерімсіздік барын байқадық. Осы мәселе де жаңартылған Бюджет кодексінде реттелген. Ал квазимемлекеттік сектор компанияларының дивиденд саясаты қайта қаралды. Жалпы, жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік қаржы жүйесін толығымен қайта жаңғыртып, Үкіметтің дербес жауапкершілігін арттыруға тиіс.

Бүгін депутаттар бюджеттің кіріс бөлігіндегі проблемаларға да ерекше тоқталды. Көтерілген мәселелер жаңа Салық кодексін қабылдаудың өзектілігін тағы да көрсетіп отыр. Бастысы, депутаттар жаңа салық және бюджет кодекстерінің нормаларын бір-біріне сәйкестендірді. Тұтастай алғанда, жаңа салық саясаты барлық олқылықтың орнын толтырып, түсінікті әрі әділ ережелер қалыптастырды.

Біз жөнсіз салық жеңілдіктері мен бұралаң тұстарды алып тастадық. Депутаттар қолданыстағы салық жеңілдіктерінің тиімділігіне берілген бағаны бюджеттің атқарылуы жөніндегі әрбір есептен көретін болады. Сонымен бірге салықтық әкімшілендіруді күшейту де қарастырылып отыр. Түптеп келгенде, мұның бәрі мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне оң әсер етеді деп үміттенеміз. Осы қабылданған шаралар болашақтағы бюджет жүйесінде түбегейлі өзгерістер әкеледі деп күтеміз», - дейді Мәжіліс спикері.

Айтуынша, биыл жағымды өзгерістер бар екені байқалады. Нақтырақ айтқанда, ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны біртіндеп үдеп келе жатқаны байқалады.

«Соңғы бес айда ішкі жалпы өнімнің өсімі 6 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі – 18 пайыз. Барлық әлеуметтік міндеттеме толық көлемде орындалып жатыр. Бұл мемлекет басшысының экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі нақты тапсырмаларының нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.

Ендігі кезекте, осы қарқынды бюджет кірісінің нақты өсіміне ұластырып, инфляция мен бағаны төмендетуге оң ықпал етуіне бағыттауымыз қажет. Өзгерістер қағаз бетінде қалып қоймауға тиіс. Оны еліміздің әр тұрғыны, әр отбасы сезінуі керек.

Сөз соңында бюджетті атқаруға қатысты айтылған бүгінгі ұсыныстарға Үкімет баса мән беруі қажет екеніне тағы да назар аударғым келеді. Бұл мәселе әрдайым депутаттардың бақылауында болады. Жалпы, бірлескен жұмыс үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Палаталардың алдағы бірлескен отырысында осы мәселені талқылауды жалғастырамыз», - деп Ерлан Қошанов сөзін қорытындылады.