Николай Ленкин 15 жылға бас бостандығынан айырылды
Қостанай қаласында сот 2003 жылы жасалған адам өлтіру қылмысы бойынша үкім шығарды. Айыпталушы Николай Ленкин қатаң режимдегі колонияға 15 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Tobolinfo сайтына сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, 2003 жылғы 30 мамыр түні Николай Ленкин өзінің таныс қызымен бірге ішімдік ішкен. Кейін ол қызды үйіне дейін шығарып салмақ болады. Жол бойында әйел адамға жыныстық қатынас ұсынады, алайда ол қарсылық білдіргеннен кейін, Ленкин оны қылқындырып өлтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған.
«Айыпталушы кінәсін мойындаған жоқ және өзін ақтауды сұрады. Жәбірленуші тарап Ленкинге қатаң жаза тағайындауды талап етті», – делінген сот хабарламасында.
1997 жылғы Қылмыстық кодекстегі 96-баптың 1-бөлігіне сәйкес, бұл әрекет үшін 6 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сот айыпталушының қылмысты мас күйінде жасағанын – жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде таныды. Ал психикалық ауытқушылығының бар екенін, бірақ оның есі дұрыс екенін, яғни қылмыстық жауапкершілікке тартуға қабілетті екенін жеңілдететін жағдай деп есептеді.
Сот айыпталушының жеке басын, қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік деңгейін, сондай-ақ басқа да мән-жайларды ескере отырып (оның ішінде 2018 жылы өзге қылмыс үшін сотталып, жаза өтеп жатқанын), қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің қатаң режимдегі мекемесінде өтелетін болады.
Айта кетейік, бұл үкім заңды күшіне енген жоқ.