Желіде тараған 16 млн қазақстандықтың дерегі: оқиғаға қатысты тың мәлімет жарияланды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Мамандар мәліметтердің шынайылығын тексеріп жатыр

Фото: istockphoto.com

Қазақстандағы Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы (ЦАРКА) интернетте тараған 16,3 миллион азаматтың жеке деректерінің жариялануына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта дереккөздердің шығу тегі мен деректердің шынайылығы тексеріліп, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін ықтимал қатерлер анықталып жатыр.

«Біздің алдын ала бағалауымыз бойынша, жарияланған база – бұрын түрлі көздерден ұрланған және шашыраңқы күйде болған деректердің біріктірілген нұсқасы. Мұндай «жинақтар» даркнетте жиі пайда болып, сату мақсатында таратылады», — делінген Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы мәлімдемесінде.

Ресми растау болса, SMS немесе push-хабарлама келеді

Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы азаматтарды алаңдамауға шақырып, ресми растау болған жағдайда ғана азаматтарға push немесе SMS-хабарлама арқылы ескерту жасалатынын айтты. Осыдан кейін әрбір азамат eGov Mobile қосымшасындағы NomadGuard сервисі арқылы жеке деректерінің таралған-таралмағанын қауіпсіз түрде тексере алады.

Қандай мәліметтер жарияланды?

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, ашық базаға төмендегі жеке мәліметтер шыққан:

  • Тегі, аты, әкесінің аты;
  • Жынысы;
  • Туған күні;
  • ЖСН (ИИН);
  • Тұрғылықты мекенжайы;
  • Тіркелу күні;
  • Байланыс нөмірлері (мобильді, үй, жұмыс);
  • Азаматтығы;
  • Ұлты;
  • Басқа да жеке деректер.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда 16 млн адамның жеке деректері желіге тарап кеткені хабарланған болатын.