78 жастағы қазақстандық Италияда өткен әлем кубогында күміс медаль жеңіп алды

Автор: Асыл Арман

Инфарктан кейін – спортқа бетбұрыс

Фото: «Астана» телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысының 78 жастағы тұрғыны Әбілқайыр Иманбеков Италияда өткен скандинавиялық жүріс бойынша әлем кубогында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Бұрынғы құтқарушы – халықаралық жарыстың жүлдегері

Зейнеткер бұл спорт түрімен инфарктан кейін айналыса бастаған. Бұрын ол құтқарушы болып еңбек еткен және ұзақ жылдар бойы Өскемендегі Төтенше жағдайлар басқармасын басқарған.

«Инфарктан соң скандинавиялық жүріске қызығушылығым артты. Өскемендегі топқа қосылып, содан бері бұл спортсыз өмірімді елестете алмаймын. Бұл – қолжетімді, пайдалы және белсенді болуға көмектесетін спорт түрі», – дейді жүлдегер.

Үнемі жаттығу жасап, өзгелерді де шақырып жүр

Қазір Әбілқайыр Иманбеков тұрақты түрде жаттығу жасап, қалаған жандарды да осы пайдалы әрекетке шақырып жүр.

Скандинавиялық жүріс деген не?

Скандинавиялық жүріс – арнайы таяқшалармен жүріп жасалатын жаттығу түрі. Алғашында бұл әдісті фин спортшылары жазғы дайындық үшін ойлап тапқан. Қазіргі кезде бұл белсенділік түрі әсіресе жас ұлғайған адамдар арасында кең таралған, себебі денеге түсетін салмақ аз, бірақ тиімділігі жоғары.